Алаяқтар адамдарды “Қазақтелеком” атын жамылып тонауға көшкен

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті зиянды қосымшалар арқылы ақша ұрлау фактілерінің жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алаяқтар қоңырау шалып, өздерін “Қазақтелеком” қызметкерлері ретінде таныстырады. Байланыс қызметіне жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталғанын хабарлайды немесе “ерекше” жеңілдіктер ұсынады. WhatsApp мессенджері арқылы “деректерді жаңарту” немесе “жеңілдікті іске қосу” үшін сілтеме жібереді.
Сілтеме арқылы өткеннен кейін телефонға зиянды файл (APK) жүктеледі. Оны орнатқан сәттен бастап қылмыскерлер сіздің банк қосымшаларыңыз бен жеке деректеріңізге толық қашықтықтан қол жеткізеді.
Шабуыл белгілері: телефон қатты қызып кетеді, экран бұғатталып немесе басқару командаларына жауап бермей қалуы мүмкін.
Мұндай жағдайда:
- Телефонды қуат батырмасын ұзақ басу арқылы мәжбүрлеп өшіріңіз.
- SIM-картаны шығарып, интернетке қосылуды үзіңіз (Wi-Fi роутерін ажыратыңыз).
- Мүмкіндік болса, аккумуляторды алып тастаңыз.
- Басқа құрылғы арқылы банкпен шұғыл байланысып, барлық шоттар мен карталарды бұғаттаңыз.
- 102 нөмірі бойынша полицияға хабарласыңыз.
Байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан мессенджерлер арқылы үшінші тарап қосымшаларын орнатуға арналған сілтемелер жібермейтінін есте сақтаңыз, – деп ескертеді полицейлер.
Бұған дейін елордада несиелерді «есептен шығару» қызметін ұсынған алаяқтар әшкере болды.




