Әл-фараби атындағы кітапханаға – 10 жыл

     Бүгін қаламыздағы киелі шаңырақ  Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап  кітапханасына 10 жыл толу мерейтойы аталып өтті. Атаулы күннің құрметіне Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты ғылыми  республикалық конференция ұйымдастырылды.

Жиынның мақсаты:

    Кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы маңызы мен ролі, ғылым мен білімге, руханият пен мәдениетке қосып жүрген үлесін айқындау. Кітапхана ісі саласын дамыту мен өркендету. Оқырмандарды кітапханаға тарту және «Оқитын ұлт» жобасын іске асыру.

Конференция Шымкент қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің алғы сөзімен бастау алды. Жиынға қаладағы кітапхана басшылары, Оңтүстік өңірінің ақын-жазушылары, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тарихшылары қатысып,  Әл-Фарабидың жаратылыстану және музыка саласындағы еңбектері жайлы қызықты мәліметтермен бөлісіп, Фарабитану ғылымындағы өзекті мәселелерді қозғады.

Ары қарай елімізге белгілі ғалымдар мен профессорлар, Астана мен Алматы қалаларындағы Ұлттық кітапхана басшылары сөз алып, баяндама оқыды. Конференцияның екінші бөлімі Әл-Фараби кітапханасының 10 жылдық мерейтойына дайындаған әдеби-сазды кешке ұласты.

Мерейтойдың соңында  қонақтармен Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби” музейіне саяхат жасауға дайындық шарасы көзделген.

ПІКІР ЖАЗУ