Ақтөбеде прокурор “қаржы пирамидасымен айналысқандарды” ұзақ жылға соттауды сұрады

 3 тамыз күні Ақтөбе прокуратурасы «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард», «Нұр-Али Капитал» компанияларының құрылтайшысы әрі жетекшісі» Жанболат Есіркеповті 20 жылға, оның сенімді серігі болып, Қазақстанның әр өңіріндегі филиалдарға басшылық еткен тағы бірнеше адамды әрқайсысын 19 жылға соттауды сұрады. «Қаржы пирамидасын құрып», «он мыңнан астам салымшының ақшасы мен мүлкін иемденген» қылмыстық топтың бас есепшісі» деп сипатталатын Дана Князбаева 12 жылға сотталуы мүмкін. Бұл іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар сұрап отырған жазаның ең азы – 9 жыл түрме жазасы.

 Тергеу орындары Жанболат Есіркепов бастаған жалпы саны 48 адамды «17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді» деп айыптап отыр. Сот жарыссөзі 1 тамыз күні басталған. Зардап шеккендер мен сотталушылардың көптігінен прокурорлар айыптау сөзін үш күн бойы кезектесіп оқыды.

 Ақтөбе соты бұл істі 2020 жылғы қараша айынан яғни, 1,5 жылдан бері қарап жатыр. Бұл істе 17 162 адам жәбірленуші танылған. Олар 30 млрд 220 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған деп айтылады.

 Тергеу материалдарына қарағанда, «Выгодный займ» 2018 жылы Ақтөбе қаласында ашылып, 2020 жылы ақпанға дейін өзге өңірлерден бөлімше ашып, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент, Павлодар, Жаңаөзен секілді бірнеше қаласында жұмыс істеген. Салымшыларға өзін «криптовалютамен айналысатын ұйым» ретінде таныстырған.

ПІКІР ЖАЗУ