АҚШ тарифтері: Қазақстан экспортына соққы ма әлде мүмкіндік пе?

АҚШ-тың жаңа тарифтік саясаты Қазақстан экспортының бір бөлігіне әсер етуі мүмкін. Сауда және интеграция министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында бұл мәселе бойынша АҚШ-пен келіссөздер басталғанын мәлімдеді.

2025 жылғы 2 сәуірде АҚШ Президентінің Жарлығымен елге әкелінетін бірқатар шетелдік тауарға қосымша жеке импорттық баж салығы енгізілді. Ақ үй бұл шараны сауда теңгерімін қалыпқа келтіру мақсатымен түсіндіріп отыр.

Алайда 9 сәуірде АҚШ Президенті Дональд Трамп жаңа жарлыққа қол қойып, бұл тарифтерді 90 күнге тоқтатып, барлық елдер үшін 10 пайыздық бірыңғай ставка енгізілгенін жария етті.

Сауда және интеграция министрлігінің алдын ала талдауы бойынша, бұл шаралар Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын кейбір тауарларға әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты бар. Бұл өнімдер 2024 жылғы экспорттың шамамен 4,8 пайызын немесе 95 млн доллары.

Министрліктің мәліметінше, “мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқа да стратегиялық маңызы бар өнімдер қосымша тарифтен босатылған”.

Қазақстан Үкіметі америкалық тараппен консультациялар бастады. Сонымен қатар, еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау үшін Дүниежүзілік сауда ұйымы алаңында да жұмыс жүргізіліп жатыр, – делінген министрлік жауабында.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларға жеткен. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 2023 жылы – 2,5 млрд доллар, 2024 жылы – 2,2 млрд долларға жуықтаған.

АҚШ-тан елімізге ең жиі жеткізілетін тауарлар: жеңіл автокөліктер, ұшу аппараттары, қозғалтқыштар, дәрі-дәрмектер мен вакциналар, құс еті және тағамдық қосалқы өнімдер.

Ал Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт көлемі 2023 жылы – 1,5 млрд долларды, 2024 жылы – 2 млрд долларға жеткен. Экспорттың басым бөлігін мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал бұйымдары, сутегі, титан және бидай глютені сынды өнімдер.