АҚШ-та грин-карта ұтыс ойынының ережелері қайтадан өзгереді

АҚШ билігі грин-карта лотереясына қатысу ережелерін жаңартуды жоспарлап отыр. Өзгерістер 2026 жылдың 10 сәуірінде күшіне енуі мүмкін және ол болашақ DV-2027 ұтысына қатысты болады. Бұл туралы туралы АҚШ Federal Register мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қандай өзгерістер ұсынылып отыр?
Жобаға сәйкес, Diversity Visa Program лотереясына қатысу үшін жарамды шетелдік төлқұжат (загранпаспорт) қажет болады. Сауалнамаға жеке мәліметтер мен қолы бар беттің сканерленген нұсқасын тіркеу керек.
Сонымен қатар, өтінім бергені үшін символдық жарна ретінде – 1 доллар енгізу ұсынылуда.
Тағы бір өзгеріс сауалнаманы толтыру уақытына қатысты болмақ. Қазір бұған 30 минут берілсе, жаңа ережелер бойынша бұл шекті 90 минутқа дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, бұл шаралар алаяқтық өтінімдердің санын азайтуға және бағдарламаның ашықтығын арттыруға көмектеседі.
Сондай-ақ, DV бағдарламасының ережелерінде «гендер» және «жас» сөздерінің орнына «биологиялық жыныс» және «туған күні» терминдерін қолдану жоспарлануда.
Консулдықтарға арналған нұсқаулықтарға shall («міндетті») деген тұжырымдама да қосылды. Бұл консулдық қызметкерлерінің қатысушылардың мәліметтерін қатаң тексеруі тиіс екенін білдіреді.
Не нәрсе өзгеріссіз қалады?
Лотереяға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар бұрынғыша қалады. Мәселен, өтініш берушілер бұрынғыдай келемі шарттарды орындауы тиіс:
– білім деңгейін көрсету – орта білім туралы аттестат немесе оның баламасы;
– сауалнамада барлық отбасы мүшелері мен жұбайын (зайыбын) көрсету;
– мәліметтерді консулдықтағы сұхбат кезінде растау.
Ағылшын тілін білу талап етілмейді және мұндай шартты енгізу әзірге жоспарда жоқ.
Неліктен ережелерді қатаңдату туралы шешім қабылданды?
Өзгерістердің бір себебі ретінде күмәнді өтінімдердің көптігі аталуда. АҚШ билігінің мәліметінше, DV-2025 ұтысы кезінде 2,5 миллионға жуық күмәнді немесе қайталанған сауалнамалар анықталған. Сондықтан жаңа ережелер, ең алдымен, алаяқтықпен және қайта тіркелумен күресуге бағытталған.
Грин-карта дегеніміз не?
Грин-карта (Green Card) – бұл АҚШ-тың тұрақты тұрғынының ресми куәлігі.
Ол мынадай құқықтар береді:
– АҚШ-та шектеусіз тұру және жұмыс істеу;
– әлеуметтік жеңілдіктер алу;
– болашақта азаматтық алуға өтініш беру.
Айта кетейік, Diversity Visa Lottery лотереясы жыл сайын өткізіледі. Оған АҚШ-қа иммиграция деңгейі төмен елдердің азаматтары, соның ішінде Қазақстан азаматтары да қатыса алады.
Еске салайық, бұған дейін ҚР СІМ қазақстандықтарға Green Card айналасындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірген болатын.
Сондай-ақ, АҚШ грин-карта беруді уақытша тоқтатқаны хабарланды.




