АҚШ елшісі: Қазақстанмен серіктестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті

Қазақстандағы АҚШ елшісі Джули Стаффт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстанда еңбек ету – мен үшін зор мәртебе. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстанның қарым-қатынасы ерте қалыптасты. АҚШ – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі. Бүгінде серіктестігіміз барынша бекіді. Қазір екіжақты ықпалдастық өз тарихындағы ең жоғары деңгейде, – деді ол.
Қазақстан-АҚШ көптеген формат аясында байланыс орнатқан.
Мәдениет саласында келісімдеріміз бар. Адамдар арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өркендеуде. Бұл ықпалдастықты кеңейте түскенімізге және қарым-қатынасымызды нығайтып жатқанымызға қуанамыз. Іс жүзінде барлық салада серіктеспіз деп санаймын. Бүгінде бұл ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да жедел дамып келеді, – дейді елші.
Стаффт екі ел Президенттері өзара тығыз әрі тұрақты қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
Президент Тоқаев қараша айында Вашингтонға сапармен барды. Таяуда ғана Президент Трамппен телефон арқылы әңгімелесті. Жуырда Құрама Штаттарға тағы да бармақ. Аталған қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды түрде дами береді деп сенеміз. Әлгінде атап өткенімдей, Президент Тоқаев пен Трамп ұдайы байланыста, өте жиі диалог құрады. Алдағы уақытта олар тағы жүздеседі. Жаңа ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екіжақты байланыстардағы басым бағыттарды талқыладық. Бұл ретте бізге Президент Дональд Трамп толық қолдау көрсетеді. Екі мемлекет басшысының көмегімен өзара ынтымақтастығымызды кеңейтуге аса ықыластымын, – деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан Президентімен және оның жанындағы адамдармен өте мазмұнды, достық рәуіште кездесу өтті.
Сыртқы істер министрімен келіссөз жүргіздім. Алдымызда көптеген жұмыс күтіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысын сауда-экономика, мәдениет, қорғаныс және гуманитарлық салалардағы байланысымызды нығайтуға, екі ел халқының арасын жақындатуға қолдануымыз қажет. Бұл жұмыс қазірден басталады, – дейді Джули Стаффт.
Елші ресми қызметтен бөлек, Қазақстанмен жақынырақ танысқысы келетінін айтады.
Қазақстан халқымен араласып, елдің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін жақыннан білуге ниеттіміз. Осы елге келгенімізге шын жүректен қуаныштымыз, – дейді ол.




