Айнатас: су құбырының құрылысы 70%-ға орындалды

Шымкент қалалық Еңбекші ауданы бойынша Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында алдағы уақытта тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында су құбырларының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Айнатас елді мекенінде бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысан басына барып, мұндағы жұмыс барысымен танысты.

Жалпы 2022 жылы аталған жобаны іске асыру мақсатында су құбыры желілері мен су қабылдау имараттарын қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысынан соң, мердігер мекемемен келісім шарт түзілген.

Қазір жұмыс басталған кезеңнен осы мерзімге дейін мердігер мекемелер құрылысты 70% аяқтап, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын су құбырын жүргізген. Нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында аяқталатын болады. Нәтижесінде 50 абонент табиғи ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті мекеме басшыларына халықты ауыз сумен қамту жұмыстарын орындау барысында сапалы, әрі кестеге сай жүргізілуін қатаң тапсырды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ