Аймағамбетов уәдесін орындамайтындар туралы шындықты айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексінің жобасына қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты маңызды ұсыныстардың заңжобасына әлі деенбей отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистерге сұқбат барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылыс кодексінде жақсы нормалар бар. Бірақ біздің комитет пен жеке өзім ұсынған әлеуметтік маңызды түзетулер қабылданбады, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, жыл сайын жүздеген бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, қайғылы жағдайға тап болады.

Бұл – өте ауыр әрі ұят жағдай. Осыны болдырмау үшін өткен жылы біз арнайы норма қабылдадық: жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарда қауіпсіздік құлыптары бар терезелер орнатылуы тиіс. Бірақ биылғы кодексте бұл талап жоқ. Сол себепті біз бұл норманы қайта енгізіп жатырмыз, – деді ол.

Асхат Аймағамбетов қазіргі қала құрылысы кезінде алдымен тұрғын үй салынатыны, ал мектеп, балабақша мен аурухана кейін ескерілетініне алаңдаушылық білдірді.

Егер мектеп, балабақша, аурухана салынбаған болса – онда көпқабатты үйге рұқсат берілмеуі тиіс. Бұл – біздің нақты ұстанымымыз, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында (ПДП) мектеп, балабақша немесе аурухана салуға арналған жерлер кейіннен басқа мақсатқа, мысалы, тұрғын үй немесе дүкен салуға өзгертіліп кетеді.

Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды. Егер ПДП бойынша жер мектепке арналса, ол мақсат өзгермеуі керек. Арнайы норма енгізуді ұсынып отырмыз. Кей жағдайларда апатты мектептің орнына тұрғын үй салынып кетеді. Біз ұсынған норма бойынша, апатты мектептің орнына дәл сол жерде жаңа мектеп салынуы керек. Балалар қаланың шетіне емес, өз аудандарында оқуы тиіс, – деді Аймағамбетов, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов ірі құрылыс компаниялары мен әкімдіктер арасында жасалатын меморандумдардың нақты заңдық күші жоқ екенін де сынға алды.

Компаниялар “алдымен үйді салып аламыз, кейін мектеп, инфрақұрылым жасаймыз” деп уәде береді. Бірақ көбінесе ештеңе салмай кетеді. Бұл да реттеуді қажет етеді, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, Құрылыс кодексінде заң бұзушыларға салынатын айыппұлдар жеткілікті дәрежеде күшейтілмеген.

Егер біз жауапкершілікті арттырмасақ, бұл заң жобасы тек ұсыныс күйінде қалып кетуі мүмкін, – деп алаңдаушылығын білдірді.

Аймағамбетов құрылыс салынардан бұрын жүргізілетін геологиялық зерттеулердің сапасына да назар аударды.

Қазір кейбір құрылысшылар дайын геологияны ала салып пайдалана салады. Бұл дұрыс емес. Жердің асты қандай, су бар ма, топырағы қалай – бәрі нақты зерттелуі керек. Біз бұл салада да бақылауды күшейтуді ұсынып отырмыз, – деді ол.