Аймағамбетов дабыл қақты: Күй мен ырым-тыйым жоғалу алдында тұр

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау үшін жеке заң қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның пікірінше, қазіргі “Мәдениет туралы” заң ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесін толық қамтымайды.
Қазақтың салт-дәстүрі, күйі, жыры, айтысы, ертегісі, шежіресі сияқты рухани мұралар ұлттың бірегейлігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Ауылдағы қариялар ғана білетін күйлер, сирек шеберлердің өнері мен ұмыт бола бастаған ырым-тыйымдар жоғалудың алдында тұр, – деп дабыл қақты Аймағамбетов.
Депутат көтерген басты мәселелердің бірі – ұлттық мұраның жеткізушілерінің мәртебесі заңда мүлде қарастырылмағаны. Қобызшы, зергер, жырау, бүркітші сияқты дәстүрлі өнер иелеріне қатысты құқықтық база жоқ, мемлекеттік қолдау мен шәкірт тәрбиелеуге арналған жүйе де қалыптаспаған.
Сондай-ақ Аймағамбетов қаржыландыру жүйесінің мақсатсыз әрі тұрақсыз екенін сынға алды. Материалдық емес мұраны қорғауға бағытталған гранттар, субсидиялар немесе арнайы тетіктер қарастырылмаған.
Депутат басқа елдердің тәжірибесін мысалға келтірді: Оңтүстік Корея мен Жапонияда мұра тасымалдаушыларына “Тірі ұлттық қазына” мәртебесі берілсе, Өзбекстанда тұрақты жәрдемақы белгіленген. Қытай, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей бұл салада арнайы заң қабылдап қойған. Қазақстан болса ТМД-ның 2013 жылғы үлгілік заңына қол қойғанымен, әлі күнге дейін ұлттық деңгейде осындай заң қабылдамаған.
Аймағамбетов уақыт оздырмай шешім қабылдау қажеттігін айтты.
Ғимарат қираса, оны қайта салуға болады. Ал соңғы жырау немесе соңғы шебер дүниеден өтсе, оның білімі жоғалады, оны реставрациялау мүмкін емес, – деді ол.
Депутат Үкіметті “Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы” арнайы заң жобасын қайта қарап, қолдауға шақырды.




