Әйелдің психо-эмоционалды күйіне ешкім көңіл бөлмейді – психолог Алматыдағы суицид туралы

Психолог Ержан Мырзабаев көпқабатты үйден баласымен бірге секірген алматылық әйелдің қайғылы оқиғасына қатысты пікір білдірді. Оқиға өте қайғылы, мәселе өте күрделі. Жалпы біз бұған дейін де әйелдердің кішкентай балаларды терезеден лақтырған, артынан өзі де секірген жағдайларға куә болғанбыз. Жалпы бұл жерде психологиялық ауытқу бар ма, жоқ па, оны психиатрлар белгілейді. Психиатр диагноз қояды, баға береді, – деді психолог.

Бірақ Ержан Мырзабаев психолог ретінде әйел қатты күйзелісте болды деп болжайды. Сол күйзелістің нәтижесінде шарасыздық сезініп, өзін және баланы осы өмірге лайық көрмеген. Сөйтіп өзімен бірге алып кеткен. “Мына өмірде мен осыншалықты қиналып жатырмын. Мен кетейін, бірақ балам жалғыз қалады. Оған ешкім қорған болмайды. Оған ешкім қолдау білдірмейді. Ол ешкімге керек болмайды. Мен сияқты қор болады. Сондықтан бұл баланы өзіммен бірге алып кетейін” деген ойда болуы мүмкін, – деп топшылады психолог.

Ол әйелдердің күйзелісі өзекті мәселе екенін атады. Көп жағдайларда әйелдің психо-эмоционалды көңіл күйіне ешкім көңіл бөлмейді, назар аудармайды. Оны бір еркелік, құтырғандық деп ойлайды. Адам ұзақ уақыт мазасыз жүретін болса, ұзақ уақыт әртүрлі жанжал, ұрыс-керісте болатын болса, күйзеліске түседі. Күйзеліс бұл – нағыз психологиялық ауру, – деді психолог.

Ол адамда алдымен күйзеліс, күйзелістен кейін апатия, апатиядан кейін көп жағдайда суицидке баратынын жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ