Әйелдер қанаты жарқын болашақты жақтайды

Алматы қаласында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығы жобасы аясындағы оқу курстары болып өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен қоғамдық өмірде белсенді ұстанымы бар 200-ден астам әйелдер қатысты.

Жиынға Түркістан облысынан барған делегаттардың қатарында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, партия филиалының Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева мен «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпазы болған әулеттен Ақмарал Құдайбергенова болды.

Іс-шараның ашылуына Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов қатысып, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясының басты назарында екенін айтты. Әйелдер қанаты бір жарым жылда «AMANAT» партиясының қозғаушы күштерінің біріне айналғанына баса мән берілді.

Кездесуге қатысушылар еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады. Партия Төрағасы әр Жолдау – бұл халықтың қажеттілігі мен сұранысына негізделген нақты іс-қимыл жиынтығы екенін мәлімдеді. Соның бірі – соңғы жылдары халық пен бизнес қатты сезініп отырған энергия тапшылығы мәселесі екенін айта отырып, АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін шешіп, оның алдағы экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс екені жарияланды.

Жиын барысында Ядролық физика институтының ғылыми хатшысы Карлығаш Мұнасбаеваның, осы институттың ядролық және физикалық қауіпсіздік оқу орталығының бастығы Наталья Измайлованың атом энергетикасы туралы кәсіби тұжырымдары тыңдалды. Ал, Жетісу облысы Сарқан ауылынан келген кәсіпкер Кенжетай Тазабекова АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Көптеген пайдалы ақпараттар айтылған жиынға қатысушылар Қазақстанның жаңа даму белесін белгілейтін бастаманы қолдайтындықтарын білдіріп, болашақтың қамы үшін азаматтық бірлігімізді көрсетуге шақырды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ