“Африкадан да арзан”: “Бәйтерек” басшысы ет бағасының арзан екенін айтты

 Үкіметтегі брифингте “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасына Қазақстандағы ет бағасына қатысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, қазіргі таңда елдегі ет бағасы салыстырмалы түрде төмен деңгейде.

Қазір көбі GPT чат пен өзге де платформаларды пайдаланады. Әлемдегі ет бағасын қарап көрсеңіздер, ең төменгі баға Африка құрлығында шамамен 0,47 цент деп көрсетілген. Бізде одан да төмен. Мұндай жағдайда бұл секторда технологиялардың өзін-өзі ақтауы қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған, – деді “Бәйтерек” холдингінің басшысы Рустан Қарағойшин.

Журналист Қазақстан мен Африкадағы бағаны салыстыру орынсыз екенін айтып, спикерден еттің қандай бағасын орынды деп санайтынын нақтылады.

Кеше интернеттен Ресейде сиыр етінің бағасы 15 доллар екенін көрдім. Бізде шекара маңындағы өңірлер бар, ол жақта баға жоғары. Сонымен қатар елге әкелінетін технологиялар мен селекция мақсатында жеткізілетін асыл тұқымды малдың да өз құны бар. Оның барлығы ақталуы керек. Егер қолданыстағы баға шығынды жаппаса, фермер үшін сол бағамен өнім сату тиімсіз. 1200–2000 теңге деңгейіндегі баға шығынды өтемесе, мемлекет араласуына тура келеді. Қазір саладағы барлық субсидияларды талдап жатырмыз. Мақсат – бір жағынан импортты азайту, екінші жағынан бюджетке түсетін жүктемені оңтайландыру, – деп толықтырды Қарағойшин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ет және сүт өңдеу саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Ет, сүт және ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда сиыр еті бағасына қатысты пікір білдірді. Журналистер одан кәсіпкерлердің “сиыр етінің бір келісі 10-12 мың теңге болуы тиіс” деген мәлімдемесіне байланысты түсініктеме сұрады.