«Әдістемелік десант» Түркістан облысына аттанды. Әңгіме еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірлерінің біріндегі білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсететін тәжірибелі педагогтер, психологтар, әлеуметтанушылар және мектеп басшылары туралы болып отыр, деп хабарлайды gov.kz
«Әдістемелік десантқа» Қазақстанның әр өңірінен 42 маман кірді. Ол ҚР Білім және ғылым Министрінің тапсырмасы бойынша құрылған. Топқа педагогтер, психологтар, әлеуметтанушылар, әдіскерлерден басқа қорғаншылық органдарының өкілдері, мектеп директорлары, сондай-ақ ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті департаменттерінің өкілдері кірді. «Әдістемелік десанттың» мақсаты – педагогтерге оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және проблемалық мәселелер бойынша уақытылы шешімдер қабылдауға қажет консультациялық көмек көрсету»,– деп атап өтті ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев. Бірінші күні «Әдістемелік десант» мүшелері 23 мектепте, интернат пен балалар үйінде болды. Олар мұғалімдермен, психологтармен, ата-аналармен, мектептердің қамқоршылық кеңестерінің, әкімдіктердің және аудандық білім бөлімдерінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Сонымен қатар жұмыс тобы Түркістан облысындағы мектептердің педагогтері, психологтары мен әлеуметтанушыларына әдістемелік және психологиялық көмек көрсетеді. Білім беру ұйымдарына сондай-ақ әдістемелік құралдар мен нормативтік құқықтық актілер жиынтығы таратылады.