Абай облысының әкімі өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспарын таныстырды

Семейдегі Абай театрында облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиын өтуде. Аймақтың білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік, бизнес саласының өкілдері, депутаттар, құқық қорғау органдарының жетекшілері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысуда. Маңызды шара облыстың барлық аудандарында ютуб желісі арқылы көрсетілуде.
Аймақ басшысы жиынды ашқан сөзінде Президенттің облысты құру туралы шешімі шын мәнінде тарихи әділдіктің салтанат құруы екенін атап өтті.
«Облыс құрылған сәттен бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Өздеріңізге белгілі, биыл біз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық іс-шарасын атап өтеміз. Үкімет бұл бағыттағы көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Іс-шараға дайындықты қазірден бастадық, жоғары деңгейде өткізуге атсалысу облысымыздың әрбір тұрғынының міндеті деп білемін», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы облыс әкімі ретінде қызметке кіріскен үш ай уақыт аралығында өңірдің барлық аудан, қалаларын, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдарында, жалпы саны 68 елді мекенде болып, тұрғындардың тыныс тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысты.
Осы уақыт аралығында өңірдің барлық аудан, қалаларын, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдарында, жалпы саны 68 елді мекенде болып, тұрғындардың тыныс тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысты.
«Біз облыстың транзиттік әлеуетін және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, алдағы үш жылға даму жоспарын айқындап, дамудың негізгі бағыттарын белгіледік. Өңірдің өндірістік, ет, сүт кластерін құру мен суармалы егіншілік әлеуетін арттыруға, ішкі туризмді, әлеуметтік саланы дамытуға, жол және инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық беріледі», – деді облыс әкімі.