Абай облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде атап өтілуде

9 мамыр – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Абай облысында кең көлемде атап өтілуде. Атаулы күнге орай Семей қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы Жеңіс саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған аймақ басшысы Берік Уәли, ардагерлер, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімдердің өкілдері, «Жас Ұлан» әскери мектебінің курсанттары қатысты.
Шара барысында Даңқ гирляндасы мен гүл себеттері қойылып, майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Облыс әкімі Жеңіс саябағында мерекеге орай дайындалған көрмені тамашалап, ардагерлермен бірге майдан ботқасынан дәм татты.
Мерекелік шара аясында жұртшылық назарына «Жеңіс күні» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар Мапруза Өтеуленова, Гүлдана Ноғайбаева, Нұрлан Тутунов, халықтық «Ахау Семей» ансамблі, «Ақбота» би студиясы, «Самрұқ» тобы және басқа да шығармашылық ұжымдар соғыс жылдарының әндерін орындады.
Бүгін кешкісін Орталық алаңда «Жеңіс жолы» атты мерекелік концерт өтеді. Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен оркестр солистері, «Тамаша», «Романтики», «Тұмар», «ContraSSt» би ансамбльдері, сондай-ақ Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония және Семей қалалық мәдениет сарайының әртістері өнер көрсетеді.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мапруза Утуленова, «Парасат» орденінің иегері Гүлдана Ноғайбаева, белгілі әнші Айқын Төлепберген және Маржан Арапбаева арнайы қонақ ретінде қатысады.
Кеш соңында көрермендерге Айқын Төлепбергеннің жеке шығармашылық бағдарламасы ұсынылады. Айта кетейік, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай облыста 300-ге жуық іс-шара өтеді.