Абай облысында 5000-ға жуық бала жазғы лагерьлерде демалады

Биылғы жазғы маусымда Абай облысында шамамен 5000 мектеп оқушысы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. 9-15 маусым аралығында 6 лагерь жұмысын бастаса, 16-20 маусым аралығында тағы 3 лагерь ашылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Қожебекова баяндады.
— Жаз мезгілінде өңірде барлығы 9 лагерь тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қатарында 8-і мемлекеттік, 1-і жекеменшік. Бұл лагерьлердің 7-еуі – типтік жобада салынған, ал 2-еуі бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 4713 бала «Всеобуч» қорының есебінен тегін жолдамамен қамтылады, — деді спикер.
Сонымен қатар 128 оқушы республикалық «Балдаурен» және «Бөбек» лагерьлеріне барады. Мектепте үздік оқып, белсенділік танытқан ауылдық жерлердегі 250 оқушы Алакөл көлінің жағасында орналасқан «Дарабоз» лагерінде демалады. Олардың демалысын ұйымдастыруға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп отыр.
— Бүгінде лагерьлердің дайындығы 75 пайызды құрайды. Олардың әрқайсысына күн сайын мониторинг жүргізілуде. Балалардың шомылуы 5 лагерьде ұйымдастырылады. Жас демалушылар бассейндер мен су айдындарында педагогтердің қадағалауымен шомыла алады, — деп атап өтті Сәуле Қожебекова.
Сондай-ақ өткен жылы Үржар ауданындағы «Тарбағатай» лагері қалпына келтіріліп, онда 446 бала демалды. Ал Курчатов қаласындағы «Берег» лагері мәдениет бөлімінен білім бөліміне берілді. Келесі жылы Көкпекті ауданындағы «Балдаурен» лагерін қалпына келтіру жоспарланып отыр.