Абай облысында 100-ге жуық ата-ана бала тәрбиесіне арналған форумға қатысты

Абай облысы білім басқармасының «Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығы» ұйымдастырған «Бақытты ата-ана болудың сырлары» облыстық форумға Семей қаласының мектептерінен 100-ге жуық ата-ана қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – отбасындағы тұрақты эмоционалды ортаны қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ өзара түсіністік пен психологиялық қолдау мәдениетін дамыту.

Іс-шара барысында ата-аналармен төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізілді. Психологиялық тренингтер, арт-терапиялық сессиялар, шығармашылық шеберханалар мен кәсіби кеңестер арқылы ата-аналар баламен өзара тиімді қарым-қатынас орнатудың жолдарын меңгерді. Балалар үшін сенсомоторлы терапия, құм терапиясы, эбру техникасы мен сурет терапиясы сынды креативті алаңдар ұйымдастырылды.

Форумның ашылуында Абай облысының білім басқармасы басшысының м.а. Бауржан Туленов құттықтау сөз сөйлеп, ата-аналардың тәрбиелік мәдениетін арттырудың маңызын атап өтті:

«Бүгінде бала тәрбиесі туралы түрлі әдістемелер мен мектептер бар, алайда ата-ана тәрбиесіне арналған нақты институт немесе арнайы жүйе қалыптаспаған. Бұл ретте психологиялық қолдау орталығы ата-аналарға бағыт беретін, тәжірибе алмасуға жағдай жасайтын бірегей алаңға айналып отыр. Мұндай орталықтардың құрылуы – Мемлекет басшысының қоғамдық бастамаларының нақты нәтижесі. Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы, ал ата-аналық мәдениетті арттыру – болашақ ұрпақтың саналы өсуінің кепілі», – деді Бауржан Туленов.

Іс-шараға аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева, Ізгілік педагогикасы академиясының профессоры Асхат Абжанов, облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Лунара Отеуова және білікті педагогтер мен психолог мамандар қатысты.

Форум аясында Өңірлік психологиялық қолдау әдістемелік орталығының директоры Индира Тагиева да сөз сөйлеп, ата-аналармен жүргізілген мазмұнды жұмыстың бағыттарын баяндады: Форум соңында қатысушылар «Ізгі сезімдер театры» қойылымын тамашалап, «Отбасы құндылығы» атты рефлексиялық сессиямен іс-шараны қорытындылады.

ПІКІР ЖАЗУ