Шекарадан есірткі алып өтпек болған Алматы облысының тұрғыны ұсталды

«Ғасыр дертіне» айналған есірткі тасымалына тосқауыл қоюда да шекарашылар мен полицейлер қырағылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Олар талай рет заңсыз есірткі тасымалының жолын кесті. Мәселен, Сарыағаш ауданы ПБ-ға «Жібек жолы» шекара бекетінің қызметкерлері хабарласып, өткізу пунктінен өту кезінде азаматтардың біріне «Кольт» атты қызметтік ит белгі бергенін жеткізеді. Бұл есірткі контрабандасы болуы мүмкін екенін ескерген полицейлер, оқиға орнына тез арада жетті.
Жедел уәкілдер күдіктіні, Алматы облысының тұрғынын тінту кезінде оның сырт киімінің жеңінен қағазға оралған жасыл түсті есірткі затына ұқсас зат тауып, тәркілеп алды. Тәртіп сақшылары ұсталған ер адамды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сараптамаға сәйкес, алынған өсімдік тектес зат “гашиш” болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады

ПІКІР ЖАЗУ