Түлкібас ауданында балық шаруашылығы дамып келеді

Өткен жылы еліміздегі балық шаруашылығымен айналысып жүрген және қызығушылық танытқан кәсіпкерлер мен аудан әкімдерінің қатысуымен Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында республикалық деңгейде балық шаруашылығын дамыту бойынша семинар өткен болатын.
Аталған семинар Түлкібас ауданында жалғасын тауып, аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен аудан кәсіпкерлеріне балық шаруашылығын дамытудың тиімді тұстары мен оның табысты шаруашылық көзі екені кеңінен насихатталды.
Сол жиын оң нәтижесін беруде. Соңғы жылдары Түлкібас ауданы аумағында төрт шаруа қожалық балық шаруашылығы кәсібін дамытуға бет бұрып, жасанды тоғандарына алғашқы шабақтарын жібере бастады.
Аудан әкімі Нұрлан Байғұт балық шаруашылығын дамытуға бел буған «Оңтүстік балық» ЖШС-де болып, жаңадан ашылған серіктестіктің жұмысымен танысты. Тастұмсық ауылының маңынан 11 гектар жерде орын тепкен жауапкершілігі шектеулі серіктестік 6 мың дана асыл тұқымды ханбалықтың (фарель балығының) шабақтарын Жамбыл облысынан алып, жасанды бассейінге жіберіп отыр.
Тиімді кәсіпті өрлетуді көздеп отырған кәсіпкер келесі айда қосымша 100 мың дана ханбалық шабақтарын жасанды бассейінге жіберуді жоспарлауда. Шабақтар тиісті деңгейде өскеннен кейін дайын тұрған 3 жасанды тоғанға ауыстырмақ.
Кәсіпкер бұнымен тоқтап қалмай жаз айларында жасанды тоған санын 20-ға жеткізіп, балық ұрығын өсіретін технологиясын меңгеріп, құрылғыларын орнатуды да қолға алмақ. Оған қажетті ғимараттары дайын екендігін жеткізді.
Аудан әкімі шаруашылық нысандарын аралау барысында кәсіпкердің өтініштері мен ұсыныстарына құлақ асып, заң аясында жаңа бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Шаруашылық толығымен іске қосылған жағдайда қосымша жұмыс көздері ашылып қоймай, нарықтық бағасы 4000-4500 мың теңге тұратын ханбалықтың 1 келісінің құны ауданда 2000-2500 теңге көлемінде тұрақтануы мүмкін. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді.
Түлкібас ауданында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікті оның ішінде балық шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс көздерін ашу тапсырмасы өз кезегімен жүзеге асып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ