Облыстағы 3000 кәсіпкерге сервистік қызметтер көрсетілген

Былтыр Түркістан облысында 3000-ға жуық кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілді. Ақпараттық қамтамасыз ету бойынша 18 мыңға жуық кеңес берілген
Бүгінгі таңда әрбір компанияның штатта білікті бухгалтерлерді, заңгерлерді, маркетологтарды және басқа мамандарды ұстауға мүмкіндіктері бола бермейді. Бірақ оларды кеңес алу немесе жеке бизнес-міндеттерді шешу үшін сырттан тартуға болады. Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы сервистік қолдау аясында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында кәсіпкерлерге бұл қызметтерді тегін ұсынып келеді.
Палатаның менеджер-кеңесшілері бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, заң, маркетинг және мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметтерін көрсетуде.
2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша палата кеңесшілері 2424 кәсіпкерлік субъектісіне 2522 қызмет көрсетті. 367 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне салықтық есеп тапсыруға қызмет көрсетіліп, маркетологтар 123 бизнес-жоспар әзірледі. Ал ақпараттық қамтамасыз ету бойынша кәсіпкерлерге 17 765 кеңес берілген.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді. Осындай орталықтар облыстың барлық аудан, қалаларында бар. Бизнесті сервистік қолдауға қатысты барлық сұрақтар бойынша Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының облыстық және аудандық филиалдарына жүгінуге болады.

ПІКІР ЖАЗУ