ШЫМКЕНТ: Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен баспанамен қамту жөнінде онлайн қабылдау өтті

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ерғали Білісбеков мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен баспанамен қамту жөнінде онлайн қабылдау өткізді.
Жеке өтінішін жеткізген азаматтардың бірі жасы 90-ға таяған кейуана. Әжей мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау, қариялардың шипажайларда ем қабылдауы мен басқа да өзекті мәселелер бойынша ұсынысын білдірді.
Ерғали Дәулетбекұлы өз тарапынан барлық өтінішін мұқият тыңдап, тиісті басқарма басшыларына заң аясында шешу жолдарын тапсырды.
Қабылдауда мүгедек бала тәрбиелеуші отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандар да тұрғын үй мәселесін жеткізді. Ауыр дертке ұшыраған екі баланың анасы баспанаға қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Қала басшысының орынбасары заң талаптарына сай оған барлық қолдау көрсетіліп, алдағы уақытта жағдайды өзі бақылауда ұстайтынын айтты.
-Үкімет тарапынан мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау қарастырылған. Шын мұқтаж бола тұра алақан жаюға ұялатын жандарды байқап отырмын. Мәселелерді жан-жақты қарастырып, оларға қандай көмек қажет болса да барынша қол ұшын созуға тырысамыз. Табысы төмен азаматтарға азық-түлік, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Барлығы да заң аясында,-деді Ерғали Білісбеков.
Жалпы, тұрғын үй және әлеуметтік көмек бойынша қала басшысы орынбасарының қабылдауына 20-ға жуық азамат жазылған. Қазіргі таңда, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 16 мыңға жуық халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатындағы жандар тіркелген. Қаладағы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылған.

ПІКІР ЖАЗУ