ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІК КАРДИОХИРУРГТАРЫ ШЫМКЕНТТЕ ТӘЖІРБИЕ АЛМАСТЫ


Шымкент жүрек орталығының 20 жылдық мерейтойына орай еліміздің үздік кардиохирургтардың қатысуымен шеберлік сабақтары өтті.

Іс-шара барысында Юрий Пя бастаған бір топ білікті мамандар жүрегінде ақауы бар науқастарға күрделі ота жасады. Тәжірбие алмасу мақсатында өткен ота кезінде кардиохирургтар
науқасқа жасанды жүрек сорғысын қойып берді. Мамандар бұл құрылғы жүректің қан айналымын қалпына келтіруге көмектесетінін айтады.

– Біз бүгін жаңа технологияларды қолдана отырып, күрделі оталар жасадық. Операция кезінде “LVAD” құрылғысын қолдандық. Бұл құрылғы- жасанды жүрек сорғысы. Құрылғыны ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар адамдарға орнатады. Кейде жүрек трансплантациясын күтіп жүрген адамдарға қояды. Бұрын мұндай отаны ашық түрде жасайтын едік. Ал қазір заманауи құрылғылардың көмегімен тіліксіз жасаймыз, – дейді еліміздің бас кардиохирургы Юрий Пя.

Сондай-ақ, іс-шара барысында күрделі оталардан бөлек, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова бастаған дәрігерлер командасы жүрек жеткіліксіздігі проблемасының негізгі мәселелері бойынша дәрістер өткізді.

ПІКІР ЖАЗУ