ШЫМКЕНТ: ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛҒАН «1-М-1» ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯҒА ТЕХНИКАЛЫҚ СЫНАҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Шымкент қаласында 2019 жылы құрылысы басталған «1-М-1» қосалқы станциясының құрылысы аяқталып, бүгінде техникалық сынақ жұмыстары жүргізілуде. Орнатылған трансформаторларды тексерістен өткізу жұмыстарының барысымен пресс-тур кезінде БАҚ өкілдері танысты.

Атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырған қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысының орынбасары А.Ашаев қосалқы станциясы сынақтан өтіп, іске қосылғанда қаланың 5 бірдей елдімекені сапалы қуат көзіне қосылатынын айтты.

Атап айтар болсақ, олар Асар-2, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ, Достық, Қайтпас-2 шағынаудандарындағы 60 мыңға жуық тұрғын қамтылады деп көзделуде. Қоректендіру желісі 110 кВ құрайтын қосалқы станция Бозарық станциясынан қуат алатын болады.

Жобанның жалпы құны – 4,6 млрд теңгені құрайды. Қосалқы станция заман талабына сай, жабық жағдайда салынған. Желілердің ұзындығы – 5,2 шақырымды құрайды. Нысанның құрылысын мердігер мекеме «Электромонтаж» АҚ жүргізді.

Басқарма басшысының орынбасары қаланың шалғайдағы шағынаудандарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келетінін айтып, ол жұмыстар үнемі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында екенін атап өтті.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ