ШЫМКЕНТ: Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы білім жемісі

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің саны екі есеге артқан. Бұл қатарда, «Сайрам» шағынауданында іргетасы 1991 жылы қаланған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы ел Тәуелсіздігімен бірге биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сол кезеңде жаңа тұрпатты мектеп аталған мекеме 1993 жылы көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі, 1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі дәрежесін иеленіпті. 2009 жылдан бері аталмыш білім ұясы мектеп-гимназия деңгейіне көтерілді. Міне, содан бергі уақытта Шымкент қаласында 100-ге таяу мектеп ғимараты ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Осы жылдары қаладағы қазақ тілінде ғана білім беретін мектептер де көптеп салына бастады. Олардың қатарында №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы бар. Еңселі ғимараттан сапалы білім мен тәрбие алған оқушылар бүгінде түрлі салада еңбек етіп, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға  үлес қосуда.

Талапшылдық. Еңбекқорлық. Міне,  дарын мектебі Шымкент қаласындағы 140-қа жуық мектеп арасында ҰБТ нәтижесі бойынша бірінші орынға шықты. Бұдан бөлек өнер, спорт саласында да жүлделі орындардан көрініп, республика жұртшылығына танылып үлгерді. Бүгінде бұл мектеп Қазақстандағы 100 үздік мектептің қатарына кіреді. Биыл республикалық олимпиада нәтижесі бойынша Шымкенттің 6 білім ұясы Қазақстанның  үздік 100 мектебінің қатарына қосылды. Олар  – ер балаларға арналған Білім-инновация лицей-интернаты,  химия-биология және физика-математика бағыттарындағы Назарбаев зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 мектеп және М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы.

Аталған жетістіктердің бәрі де «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» мәртебесін алмай тұрып қол жеткізген жетістіктер. Қазіргі таңда 5, 6, 7-сыныптарға  емтихан арқылы қабылданып, іріктеуден өткен оқушылар дарын сыныптарында оқиды. Мектеп директоры А.Орынбаевтың сөзінше, жетістікке технология мен техниканың күшімен емес, қарапайым тақта мен бордың күшімен жеткен.

ПІКІР ЖАЗУ