ШЫМКЕНТ: Еңбекші ауданының әкімі құрылыс нысандарын аралады

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі аудан аумағын аралап, Қарабастау тұрғын алабындағы электр жүйесінің құрылыс жұмысымен танысып, қадағалау жұмысын жүргізді.

Тұрғын алаптың жаңақұрылыстағы 855 учаскесіне электр желісін қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «Ынтымақ-Бес Арыс» ЖШС іске асыруда.

Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында 500-ге жуық үйге электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.

Жоба бойынша 19 шақырым желі тартылып, 778 бағана орнатылып, 5 трансформатор ауыстырылады.

Күзгі жауын-шашын маусымында оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында, аудан аумағындағы каналдар, ирригациялық арықтар және басқа да су өтетін жүйелер қарқынды тазалануда.

Еңбекші ауданы аумағындағы каналдар мен арықтарды кестеге сәйкес мердігер мекеме “Пример Строй” ЖШС-ы тарапынан санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағынан жалпы ұзындығы 110,3 км құрайтын 9 канал өтеді.

Кезекті жұмыс барысында “Бадам” тұрғын алабы, К.Тұрсынбайұлы көшесіндегі спорт кешенінің құрылысымен танысты.

Мұнда футбол алаңшасымен қатар, жекпе-жек спорт түрлеріне арналған нысандар бой көтермек.

Спорт кешенінің құрылысы жергілікті тұрғын, жеке кәсіпкер Ә.Оңғарбаевтың қаражаты есебінен жүргізілуде. Мұның ең ұтымды жері – спорт кешенінің құрылысы аяқталған соң, “Бадам” тұрғын алабының және жақын орналасқан елді мекендердің балалары қала орталығына бармай-ақ, осы спорт кешенінде олимпиадалық спорт түрлерімен айналысуларына зор мүмкіндік алады.

ПІКІР ЖАЗУ