Астана қаласында балаларды мектепке сапалы даярлауға бағытталған «Балақайлар мектебі» жобасы өз жұмысын бастады. Бағдарлама мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып, болашақ бірінші сынып оқушыларының жаңа білім беру ортасына сәтті бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жобаның басты мақсаты – балалардың бастауыш мектепте оқуға зияткерлік, мотивациялық және эмоционалдық-еріктік дайындығын қалыптастырып, бірінші сыныпқа бейімделу кезеңін жеңілдету. Сонымен қатар бағдарлама аясында балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, олардың жеке қасиеттерін дамыту және ойын әрекетінен оқу әрекетіне біртіндеп көшуіне қолдау көрсету көзделген.
«Балақайлар мектебі» бағдарламасы 2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында өткізіледі. Жобаға мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен жалпы орта білім беру ұйымдары белсенді қатысуда.
Жазғы кезеңде бағдарламаға 42 балабақша жұмылдырып, 42 топта жалпы 449 тәрбиеленуші қамтылады. Маусым айында 18 балабақшада 184 бала, шілде айында 19 балабақшада 212 бала, ал тамыз айында 5 балабақшада 53 бала оқумен қамтылады. Бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 42 педагог жұмылдырылған.
Орта білім беру ұйымдары бойынша «Балақайлар мектебін» 116 мектеп ұйымдастырады. Маусым айында бағдарламаға жалпы 4533 бала қатысады. Оның ішінде 3060 бала қазақ тілінде, 1473 бала орыс тілінде оқиды.
Жобаға қатысушылардың басым бөлігі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар. Олардың жалпы саны – 3953. Оның ішінде 2712 бала қазақ тілінде, 1241 бала орыс тілінде білім алады. Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмаған 555 бала да бағдарламаға тартылып отыр. Оның ішінде 263 бала қазақ тілінде, 292 бала орыс тілінде оқиды.
«Балақайлар мектебі» бағдарламасы мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастықты нығайтып, балалардың жаңа ортаға сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақ оқушылардың жауапкершілік, дербестік, зейінділік және ынталылық сияқты маңызды қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етіп, олардың мектеп өміріне сәтті бейімделуіне жағдай жасайды.
