Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі өндіруге жол бермеу бойынша кешенді шаралар қабылдауда.
Мамыр айының басында жалпы және арнайы іс-шаралар кешенін жүргізу нәтижесінде министрлік қызметкерлерімен Түркістан облысы Арыс қаласында есірткі зертханасы жойылды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде ағайынды екі ер адамның синтетикалық есірткіні ірі көлемде заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны анықталды.
— Оқиға орнынан тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон, 1,5 тонна прекурсор алынды. Оларға сараптама тағайындалды. Сондай-ақ реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі өндіру белгілері бар өзге де құрал-жабдықтар тәркіленді.
Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ ескертеді: есірткі өндіруді жолға қоюға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
