Алматыда киберқылмыстан зардап шеккендерге 700 млн теңге қайтарылды

Алматыда 300-ден астам киберқылмыс ашылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы 2 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қазір киберқылмысқа қарсы күрес екінші деңгейлі банктермен бірге жүзеге асырылып келеді. Бұл күмәнді қаржылық операцияларды дер кезінде анықтауға, шоттарды бұғаттауға және азаматтардың қаражатын жымқырудың алдын алуға мүмкіндік береді.

– Нәтижесінде мамандандырылған бөлімше тарапынан ақпараттандыру және байланыс саласында 300-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық ашылды. Кеңсе жағдайында әрекет еткен call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар банк шоттарына заңсыз қол жеткізу фактілері әшкереленді. Алаяқтық мақсатта пайдаланылған 17 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды, – деді департамент басшысы.

Сонымен қатар 2025 жылдың қыркүйегінен бастап дропперлікке қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, мұндай жүздеген дерек анықталды. Одан бөлек алаяқтарға ақша аударудың 185 әрекеті тоқтатылған және азаматтарға келтірілген шығынды өтеу мақсатында 702 миллион теңге қайтарылған.

Еске салайық, бұған дейін полиция киберқылмыстың жаңа түрі туралы ескертті.