Электрондық кезек арқылы шекарадан 1 млн астам жүк көлігі өткен

Қазақстан–Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінде «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі арқылы 1 миллионнан астам жүк көлігі өткен. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Байдос Байбозин тікелей эфирде мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жүйе шекарадан өту үдерісін жеңілдетіп, көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тасымалдаушыларға түсетін әкімшілік жүктеме азайып, күту уақыты қысқарады.
– Электрондық кезек жүйесі кезең-кезеңімен енгізілді. Бүгінде ол еліміздің барлық шекара бағыттарында, соның ішінде Ресеймен шекарада жұмыс істеп тұр. Осы арқылы жүргізушілер шекарадан өтетін уақытын алдын ала жоспарлай алады, – деді Байдос Байбозин.
Спикердің мәліметінше, жүйе іске қосылғалы бері ЕАЭО елдерімен шекарадағы 36 өткізу пунктінде электрондық кезекті 1 миллионнан астам жүк көлігі пайдаланған. Биылдың өзінде 200 мыңнан астам көлік тіркелген.
Сондай-ақ жүйе 18 мемлекеттік ақпараттық жүйемен біріктірілген. Соның арқасында тасымалдаушылар өткізу пунктіне бармай-ақ айыппұлдар мен рұқсат құжаттары туралы ақпаратты алдын ала тексере алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар өңірде көктемгі кезеңде жолдарды сақтау үшін ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлаған едік.




