Ақылы жолдан түскен қаржы қайда жұмсалады?

Қазақстанда ақылы жолдардан түсетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл қаражаттың қалай жұмсалатыны туралы “ҚазАвтоЖол» ҰҚ” АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 Иманашев сөзінше, 2025 жылы ақылы автожолдар арқылы 87 млрд теңге жиналған.

Ал 2026 жылға жоспар бойынша бұл көрсеткішті 97-100 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр,- деді ол.

Оның сөзінше, жиналған қаражаттың негізгі бөлігі жол сапасын жақсартуға бағытталады.

Атап айтқанда, қаржының шамамен 30%-ы жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады. Бұған қар тазалау, жөндеу, қауіпсіздік шаралары және жол инфрақұрылымын қалыпты жағдайда ұстау жұмыстары кіреді,- деді ол.

Сонымен қатар қаражаттың 10%-ға жуығы қызмет көрсету жүйесіне бағытталады. Оның ішінде жол бойындағы камералар, бақылау жүйелері және қызметкерлердің жұмысы қамтылған.

Ал негізгі үлесі арнайы техниканы жаңартуға жұмсалып отыр. Соңғы екі жыл ішінде 1 200-ден астам арнайы техника сатып алынған. Бұл жолдарды күтіп ұстау сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – дейді Иманашев.

Оның пікірінше, 2026 жылға жоспар бойынша тағы 800 дана арнайы техника сатып алу көзделген.

Бұған дейін жол бойында дәретханалар неге жетіспейтіні белгілі болған еді.