Өскемендегі түтін: Ауаны ластаған компанияға 20 млн теңге айыппұл салынды

Экология департаментінің мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде «Қазцинк» ЖШС-нің Өскемен металлургиялық кешенінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, зиянды шығарындылардың шамадан тыс артқанын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Департамент мәліметінше, тексеру аясында шығарындылар көздерінде бақылау өлшемдері жүргізілді. Олардың қорытындысы бойынша белгіленген нормативтердің төмендегідей деңгейде артқаны тіркелді:
-
күкірт диоксиді бойынша – 3,5 есе;
-
көміртегі оксиді бойынша – 2 есе;
-
азот оксиді бойынша – 1,5 есе.
Анықталған деректер шаң-газ ұстаушы жабдықтардың жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істемейтінін және шығатын түтін газдарын жобалық тазарту деңгейін қамтамасыз етпейтінін көрсетеді, – деп атап өтті департаменттегілер.
Бұдан бөлек, мамандар компанияның қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде эмиссияларды азайту талаптарын сақтамағанын анықтады. Бұл экологиялық рұқсат шарттарын бұзу болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға жалпы сомасы шамамен 20 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді, – деп хабарлады ШҚО бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі.




