«Оларға айыппұл жай «проездной билет» сияқты»: Депутат Мұрат Әбенов жол ережесін бұзатын ауқаттылар туралы

Бұдан былай Қазақстанда жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне қолданылатын жаза қатаңдатылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Рейд жасағанның арқасында 3 күнде 5000 адам ұсталды. Бұл тек рейд жасағанның арқасында ғана! Осы уақытқа дейін қарасаңыздар, неге бұл уақытқа дейін ұсталмайды? Бес мың адам нөмірсіз жүр, жалған нөмірмен жүр немесе жүргізуші куәлігі жоқ деген сөз! Кеше министр барлығын өзі қарап, тексеріп, көзі жетіп, бірнеше қызметкерін орнынан алып, қатаң талап қойды. Қазір тергеуді күшейтіп жатыр, – деді депутат Үкіметтің кулуарында берген сұхбатында.
Айтуынша, камералар қарапайым халыққа жұмыс істейді.
Бұл жерде екі мәселе бар. Камераларға көп сеніп кеттік. Камералар – қарапайым халыққа жұмыс істейді. (Айыппұл – ред.) қарапайым халыққа үлкен ақша. Ал бай адамдарға ол айыппұл ешқандай әсер етпейді. Өз көзіммен көрдім. Барлығының автокөлігі 100 мың, 200 мың доллар. Айына миллион айыппұл төлегендер бір-біріне, «Менде «проездной», 1-2 млн айыппұл төлеп, жүре береміз деп айтады екен. Бұл жерде бізде заңда да кемшілік бар екен. Стрит рейсинг деген бұл заң бұзушылық шетелде бұрыннан бері қаланың ішінде жарыс ұйымдастыру қылмыс болып саналады. 60 шақырымнан жылдамдықты асырғандарға ішімдік ішкен адамдармен бірдей жаза қолдану қажеттігі туралы ұсыныс дайындап отырмын, – деді Мұрат Әбенов.
Еске салайық, 21 наурызда Алматыда жантүршігерлік жол апаты 3 адамның өмірін қиды. Бұл жол апаты әлеуметтік желілерде бірнеше күннен бері қызу талқыланып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr 9X басқа бір көлікпен жарысқа түскен.




