Жұмыссыздарға ақша төленеді: Өтінішті қалай беруге болады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтар жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің тәртібі мен талаптарын түсіндірді. BAQ.KZ тілшісі министрлікке Қазақстанда жұмыссыз азаматтарға қандай әлеуметтік төлем берілетінін сұрап, сауал жолдаған болатын.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бері қолданылады. Бұл жүйе жұмыс істейтін азаматтарды жұмыссыз қалу сияқты әлеуметтік тәуекелдерден қорғауға арналған.

Осы жүйе арқылы жұмысынан айырылған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады.

Төлем қалай есептеледі?

Төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі және мына факторларға байланысты:

  • Соңғы 24 айдағы орташа айлық табыс есепке алынады;
  • Ол үшін табыстың жалпы сомасы 24-ке бөлінеді;
  • Алынған сомаға 0,45 коэффициенті қолданылады;
  • Одан кейін жүйеге қатысу өтіліне байланысты коэффициент қосылады.

Қатысу өтіліне қарай коэффициенттер:

  • 6-12 ай – 0,7;
  • 12-24 ай – 0,75;
  • 24-36 ай – 0,85;
  • 36-48 ай – 0,9;
  • 48-60 ай – 0,95;
  • 60-72 ай – 1,0.

Егер азамат 60 айдан артық қатысса, әр 12 ай сайын 0,02 қосылады. Бірақ ең жоғары көрсеткіш 1,3-тен аспайды.

Төлем алу шарттары қандай?

Әлеуметтік төлем алу үшін азамат:

  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болуы керек;
  • Қорға кемінде 6 ай әлеуметтік аударым жасауы тиіс;
  • соңғы 24 ай ішінде аударымдары болуы қажет;
  • жұмыссыз ретінде ресми тіркелуі керек.

Маңыздысы – жұмыстан шығу себебі рөл атқармайды. Яғни өз еркімен кеткендер де төлем ала алады.

Төлем қанша уақыт төленеді?

Төлем мерзімі сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты:

  • 6-12 ай – 1 ай;
  • 12-24 ай – 2 ай;
  • 24-36 ай – 3 ай;
  • 36-48 ай – 4 ай;
  • 48-60 ай – 5 ай;
  • 60 айдан жоғары – 6 ай.

Қанша адам төлем алды?

Министрлік дерегінше 2025 жылы 354,2 мың адамға 130,4 млрд теңге төленген, ал 2024 жылы 293,6 мың адамға 88,3 млрд теңге берілген.

Қайда жүгіну керек?

Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін азаматтар:

  • egov.kz порталы арқылы;
  • немесе Мансап орталығы арқылы өтініш береді.

Тіркелгеннен кейін азаматқа SMS келеді. Келісім берсе, төлем автоматты түрде тағайындалады.

Егер SMS келмесе, өтінішті:

  • egov.kz;
  • enbek.kz;
  • банктердің мобильді қосымшалары;
  • немесе ХҚКО арқылы беруге болады.

Заңсыз төлемдер қалай анықталады?

Министрлік мәліметінше, әлеуметтік төлемдер бойынша талап-арыз жұмыстары заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Егер төлем артық есептелсе немесе заңсыз алынса, Қор ол қаражатты қайтару жұмыстарын бастайды.

Артық төленген соманы қайтару екі жолмен жүзеге асады:

  • азаматтың ерікті түрде қайтаруы;
  • немесе сот шешімі арқылы өндіріп алу.

Бұл рәсім арнайы қағидалармен реттелген.

2025 жылы жұмысынан айырылу төлемі бойынша қор жалпы сомасы 166 млн теңгеден асатын 1 366 талап-арыз берген. Оның шамамен жартысы (80 млн теңгеге жуық) өндірілген.

Жалған мәлімет бергендерге не болады?

Заңға сәйкес, жұмыссыз азамат:

  • жұмысқа орналасқанын 5 жұмыс күні ішінде хабарлауы тиіс;
  • төлемді тоқтатуға негіз болатын жағдайлар туралы 10 жұмыс күні ішінде мәлімет беруі қажет.

Егер бұл талаптар орындалмаса, төлем тоқтатылады.

Әлеуметтік төлем мына жағдайларда тоқтатылады:

  • азамат жұмыссыз ретінде есептен шығарылса;
  • кәсіпкерлікпен айналыса бастаса;
  • ресми еңбек шарты тіркелсе;
  • жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарналарын аудара бастаса.

Министрлік мәліметінше, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем нақты заң талаптарына сай реттелген. Ол тек әлеуметтік аударымдар жасаған азаматтарға беріледі және уақытша қаржылық қолдау ретінде қарастырылады. Сонымен қатар жүйеде бақылау күшейтілген: заңсыз төлем алғандардан қаражат міндетті түрде қайтарылады.

Бұған дейін Қазақстан бойынша 127 мыңнан астам адам  жұмыссыздық жәрдемақысын алғаны туралы жаздық.