Нью-Йорк әуежайында ұшақ көлікке соғылды: Қаза тапқандар бар

Air Canada жолаушылар ұшағы Нью-Йорктегі Ла-Гуардия әуежайының ұшу-қону жолағында өрт сөндіру көлігімен соқтығысты. Оқиға салдарынан екі ұшқыш қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы NBC News телеарнасы Порт әкімшілігінің атқарушы директоры Кэтрин Гарсияға сілтеме жасап хабарлады.
41 адам жарақат алды, – делінген жарияланымда.
Зардап шеккендердің барлығы қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларға жеткізілді. Жарақат алғандардың қатарында ұшақ жолаушылары мен экипаж мүшелері, сондай-ақ төтенше қызмет қызметкерлері бар. Қазіргі уақытқа дейін дәрігерлер 32 адамды ем-дом көрсетіп, үйлеріне жіберген.
Bombardier CRJ-900 жолаушылар ұшағы мен өрт сөндіру көлігінің соқтығысуы Ла-Гуардия әуежайының ұшу-қону жолағында бүгін, 23 наурыз күні болған. Алғашында 13 адамның зардап шеккені туралы хабарланған, кейін олардың саны артқаны белгілі болды. Әуе кемесінің екі ұшқышын құтқарып қалу мүмкін болмаған.
Оқиғаға байланысты әуежай уақытша жабылды. Оқиға орнына төтенше және жедел қызметтердің өкілдері келіп, болған жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтауға кірісті.




