Зымыран соққысы: Иранның жаңа көсемі қалай тірі қалды?

Иранның жаңа жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеи өз отбасының резиденциясына жасалған зымыран соққысынан қалай аман қалғаны анықталды. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
The Telegraph басылымы Facebook парақшасында Ирандағы оқиғаларға қатысты зерттеудің жаңа деректерін жариялады.
Журналистердің қолына түскен аудиожазбаға сәйкес, Иранның жаңа жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің резиденцияға жасаған зымыран соққысынан аман қалған. Оның жарылысқа бірнеше секунд қалғанда ғимараттан шығып кеткені белгілі болды.
Жарылыстан бір минут бұрын баққа шыққан
Басылымның мәліметінше, оның әкесі Әли Хаменеи мен елдің жоғары басшылығы қаза тапқан бұл шабуылдың басты нысаны Моджтабаның өзі болған.
Алайда, желіге тарап кеткен аудиожазбада көсем кеңсесінің протокол басшысы Мазахер Хоссейни мәлімдегендей, сағат 9:32-де Израильдің «Blue Sparrow» баллистикалық зымырандары кешенге соққы берген сәтте, Моджтаба «бір шаруалармен» аулаға шығып кеткен».
Құдайдың қалауымен Моджтаба сол сәтте аулаға шығып кеткен. Ол ғимаратқа қайта көтеріліп бара жатқанда, зымыран кешенге тиген, – дейді аудиожазбада Хоссейни.
Моджтаба Хаменеи сарапшылар кеңесінің көпшілік дауысымен лауазымға тағайындалды. Дегенмен, тағайындалған алғашқы күні-ақ ол жарақат алды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастады. Тель-Авив бұл шараның мақсаты – Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді.
Вашингтон болса Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жойып жіберетінін айтып сес көрсетті және ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Иран Қызыл Жарты ай қоғамының мәліметінше, АҚШ пен Израиль шабуылдарының құрбандары кемінде 1000 адамға жеткен. Олардың арасында 1989 жылдан бері елді басқарып келген Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи де бар.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп операция бастапқыда жоспарланған төрт-бес аптадан ұзаққа созылуы мүмкін екенін мойындаған болатын




