«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Бекдайыр әулеті өнері мен азаматтығы арқылы үлгі көрсетті

Осыған дейін Бекдайырлар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінен бастап республикалық деңгейге дейін жетіп, Алматы облысының намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде отбасы 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болғанын хабарлаған едік. Бүгін еліміз үшін аса маңызды оқиға – Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған референдумға да отбасы белсенді қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бекдайырлар жәрмеңкеге өздері жасаған қолөнер бұйымдарын алып келіп, көрмеге қойды. Сонымен қатар дауыс беруге отбасымен бірге келіп, өздерінің қолынан шыққан киімдерін киіп қатысуда.
Біздің отбасы үшін ең бастысы – бір-бірімізге қолдау көрсету және шаңырақты берік ұстау. Жастар кейде шыдамсыздық танытады, бірақ отбасы мен елге деген жауапкершілік бәрінен маңызды. Біз дауыс беріп, өз үлесімізді қосамыз, өйткені елге деген сүйіспеншілік – басты міндетіміз, – дейді Қоңыр Бекдайыр.
Отбасының әр мүшесі шығармашылыққа терең бойлап, ұлттық дәстүр мен этностильді насихаттап келеді. Олар өз қолымен жасалған киімдер мен бұйымдарын көрмелерде көрсетіп, халыққа ұлттық өнерді паш етеді. Осылайша, отбасы ұлттық мәдениетке адалдық пен шығармашылықты үйлестіре отырып, қоғам үшін үлгі бола білді.
Бекдайырлар әулеті – тек шығармашылықта ғана емес, азаматтық белсенділікте де үлгі боларлық «мерейлі отбасы». Олардың іс-әрекеті – ұлттық дәстүрді сақтау, қолөнерді дамыту және отбасының берік шаңырағын насихаттаудың айқын көрінісі.




