Астананы су басу қаупі бар ма? – ТЖМ жауап берді

ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің басқарма бастығы Айдос Алиев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында елорданың су басу ықтималдылығына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда су тасқыны қаупі бар бес өңір айқындалған. Олар – Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. Бұл аймақтарда қауіп жоғары деп бағаланып отыр. Қазір тиісті қызметтер алдын алу шараларын жүргізуде.
1 наурыздан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі базасында су тасқыны кезеңіне арналған жедел штаб жұмыс істеп тұр. Оған барлық тиісті мемлекеттік органдар тартылған. Қазіргі уақытта жағдайға күн сайын мониторинг жүргізіліп, барлық жұмыс бақылауда ұсталып отыр. Су басу қаупін азайту үшін нақты шаралар қолға алынған. Қазірдің өзінде 20 мың текше метрден астам су сорылып шығарылды. 15 мыңнан астам қап төселіп, шамамен 500 тонна инертті материал пайдаланылды. Алдағы күндері ауа температурасының жылынуы күтілуде, – деп жауап берді басқарма басшысы.
Жиында Астана қаласына қатысты қауіп бар-жоғы туралы да сұрақ көтерілді. Бұған дейін өткен брифингтердің бірінде елорда бойынша қауіп жоқ екені айтылғанымен, соңғы жылдары көктем сайын қала көшелерін су басқан жағдайлар тіркеліп келеді.
ТЖМ өкілдері Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты түрлі төтенше жағдайларға бейім екенін атап өтті. Су тасқыны қаупі топырақтың қату тереңдігі, күзгі ылғалдылық сияқты факторларды ескере отырып анықталады. Осы зерттеулер негізінде тәуекел аймақтары белгіленеді.
Астана Ақмола облысының аумағында орналасқандықтан, кез келген елді мекен сияқты мұнда да белгілі бір деңгейде қауіп болуы мүмкін. Дегенмен елордада қарды уақытылы тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Сонымен қатар қала маңында Астананы су басудан қорғауға арналған арнайы гидротехникалық нысан бар. Дәл қазір «елорда толық қауіп аймағында» немесе «мүлде қауіп жоқ» деп нақты айту қиын. Өйткені су тасу – табиғи әрі толық бақылауға көнбейтін үдеріс, – деді Айдос Алиев.
Соған қарамастан министрлік тәулік бойы кез келген төтенше жағдайға, оның ішінде су тасқынына дайынбыз деп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Айдос Алиев Қазақстанда су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы айтты.




