Шымкентте 2,7 млрд теңгеге салынған бөгет қирады: ТЖМ жауап берді

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Шымкенттегі Бадам өзенінде бөгеттің бір бөлігінің қирауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айта кетейік, биыл ақпан айында Шымкенттегі Бадам өзенінде жағалауды бекіту жұмыстары аяқталғаннан кейін небәрі бірнеше ай өткен соң бетон бөгеттің шамамен 40 метрі қираған.

Шымкент қаласының жайлы қалалық ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, белгісіз адамдар өзен арнасынан тікелей тас қазған. Соның салдарынан гидротехникалық нысанға зақым келген.

Нәтижесінде бетон конструкциясының шамамен 40 метрі бүлінген. Құқық қорғау органдары кінәлілерді анықтап жатыр.

Бөгет құрылысына бюджеттен 2,7 миллиард теңге бөлінген. Жаңартылған бөгет көктемгі тасқын кезінде су деңгейі әдеттегідей көтерілгенде қауіп-қатерді азайтады деп күтілген.

ТЖМ не дейді?

Вице-министр Кеген Тұрсынбаевтан ықтимал су басу аймағында тұрғын үйлер зардап шексе, кім жауап беретіні сұралды.

Бұл мәселе бойынша өзім барып көрдім, Қызылорда, Түркістан облыстарына, Шымкентке сапар барысында сол жерде болдым. Жақын маңдағы үйлерге қауіп жоқ. Бұл нысан кепілдікте тұр, сондықтан мердігер зақымды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп жауап берді Кеген Тұрсынбаев Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін ТЖМ Қазақстандағы су тасқыны болу қаупі бар өңірлерді атады.