Қазақстаннан Қытайға тарту: 1500 киік көршімізге қашан жіберілетіні белгілі болды

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс кулуарында Қытайға сыйлыққа берілетін ақбөкендер қашан жіберілетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, кез келген жануарды басқа мемлекетке бірден беру мүмкін емес. Алдымен екі елдің ғалымдары жануарлардың болашақ мекендейтін ортасын толық зерттеуі керек.

Қай малды болмасын бере салу оңай емес. Екі мемлекеттің ғалымдары алдымен олардың болашақта мекендейтін жерін толық зерттеп, қорытындысын беруі тиіс, – деді Ерлан Нысанбаев.

Оның сөзінше, алғашқы кезеңде жануарларды жаппай көшіру жоспарланбаған. Биыл тек 400 бас беру көзделіп отыр.

Министр мұндай шешім жануарлардың жаңа ортаға бейімделуін тексеру үшін қажет екенін айтты.

Бірден көп мөлшерде бере салуға болмайды. Ертең ол жердің шөбі, тұздығы, табиғи жағдайы – бәрі әсер етеді. Әртүрлі факторлар бар, жануарларда ауру пайда болуы мүмкін. Сондықтан алдымен аз ғана – шамамен 400 бас апарып, жағдайын бақылап көреміз, – деді ол.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл тәжірибе ауыл арасындағы мал көшіру жағдайына ұқсас.

Кейде бір ауылдың малын басқа ауылға апарсаң, жерсінбей жатады. Сол сияқты жануарлар да жаңа ортаға бірден үйренбеуі мүмкін, – деп түсіндірді министр.

Қазіргі уақытта Қазақстан және Қытай ғалымдары жануарлардың мекендейтін ортасын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл зерттеулер бір жылдан үш жылға дейін созылуы мүмкін.

Зерттеу нәтижелері негізінде жануарларды кезең-кезеңімен беру туралы шешім қабылданады.

Министрдің айтуынша, Қытай мамандары да бұл тәсілді түсіністікпен қабылдап отыр. Оның сөзінше, жануарларды бірден көп мөлшерде апарып, жаңа ортаға түсіру дұрыс емес, сондықтан барлық жұмыс ғылыми зерттеулер негізінде жүргізіледі.

Еске сала кетейік, 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киік беру туралы шешім қабылдаған болатын.