СІМ ескерту жасады: Таяу Шығыс елдеріне барудан уақытша бас тартыңыз

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі уәкілетті органдармен бірлесіп, қазақстандықтарды елге қайтару үшін арнайы рейстер ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақыттағы мәлімет бойынша, шиеленіс аймағынан 946 отандасымыз эвакуацияланды. Жақын арада Маскаттан Алматыға 314 азамат отырған ұшақ келеді. Кейін осы бағыт бойынша тағы бір топтың ұшуы жоспарланған, онда шамамен 230 отандасымыз болады. Осылайша, Оманнан Қазақстанға 500-ден астам азамат оралады деп күтілуде, – деді СІМ ресми өкілі.
Сонымен қатар бүгін Жидда – Атырау және Жидда – Ақтау бағыттары бойынша да эвакуациялық рейстер жоспарланған. Бұл рейстер арқылы 326 Қазақстан азаматы елге қайтарылады.
Әуе рейстерінен бөлек, қазақстандықтарды эвакуациялау жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр.
СІМ Таяу Шығысқа сапарларды уақытша шектеуге шақырды
Әуе кеңістігіндегі шектеулерге байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Таяу Шығыс елдеріне сапар жасаудан уақытша бас тартуға шақырды.
Әуе кеңістігінде елеулі шектеулердің енгізілуіне байланысты, белсенді әскери қимылдар тоқтап, жағдай толық тұрақталғанға дейін азаматтарымызға Таяу Шығыс елдеріне барудан бас тартуды қатаң түрде ұсынамыз. Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аймақтарға бармауға, жергілікті билік органдарының талаптары мен ұсынымдарын орындауға шақырамыз, – деп атап өтті Жетібаев.
Сондай-ақ СІМ қазақстандықтарды елшіліктер мен консулдықтармен тұрақты байланыста болуға және сыртқы саясат ведомствосының ресми хабарламаларын қадағалап отыруға шақырды.
Бұған дейін Таяу Шығыстан 900-ден астам қазақстандық эвакуацияланды деп жарияланды.




