Талғардағы қанды оқиға: 30 жерден пышақталған әке өлімінің жаңа деректері жарияланды

Қаза тапқан азаматтың отбасының адвокаты Асылбек Әбдірайымов BAQ.KZ редакциясына Алматы облысының Талғар қаласында болған 7 баланың әкесінің өліміне қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға 14 ақпанда жалдамалы пәтерде болған. Оқиға кезінде үйде төрт кәмелетке толмаған бала болған. Ер адам көптеген пышақ жарақатынан көз жұмған. Толығырақ материалда.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, полиция көмек сұрап айқайлаған дауыстарды естіген көрші әйелдің қоңырауынан кейін жеткен.
Оқиға Талғардағы жалдамалы пәтерлердің бірінде болған. Отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде үйде төрт кәмелетке толмаған бала болды. Көршісі хабарласқан соң полиция келді. Есікті ашқанда жәбірленуші өлі күйінде жатқан, ол есік алдында қанға бөккен күйде табылды. Пәтерде екі ересек әйел болған. Біреуі – марқұмның қайын енесі, екіншісі – төрт баланың анасы, яғни бұрынғы әйелі, – деді адвокат BAQ.KZ тілшісіне.
Әбідрайымовтың айтуынша, күдікті әйел оқиғадан кейін жасырынуға тырысқан.
Бұрынғы әйелі балконға тығылып қалған, ал қайын енесі мәйіттің жанында болған. Көршілер айқай-шуды естіп, полиция шақыртқан, – деді ол.
Адвокаттың пайымдауынша, жанжал ер адамның рұқсатынсыз жылқыларын сатып жібергендіктен туындаған болуы мүмкін.
Әйелі құрбысымен бірге иесінің рұқсатынсыз бір жылқы мен екі құлынды сатып жіберген. Ер адам 11 ақпанда полицияға арыз жазған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Біз жанжал осы негізде туындауы мүмкін деп болжаймыз, бірақ түпкілікті шешімді тергеу айтады, – деп түсіндірді Әбдраймов.
Марқұм 1978 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Артында 7 баласы қалды: бірінші некесінен 3 ересек баласы және екінші некесінен 4 кәмелетке толмаған баласы бар.
Адвокат трагедияға куә болған балалардың психологиялық жағдайына ерекше алаңдаушылық білдірді.
Төрт кішкентай бала пәтерде болып, бәрін өз көзімен көрген. Пәтердің іші қан-жоса болған. Бұл олар үшін қандай психологиялық соққы екенін елестетіп көріңізші. Қазір оларға шұғыл психологиялық көмек қажет. Бірақ әзірге олармен ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ, – деп атап өтті ол.
Қазіргі кезде балалар анасының туыстарының қолында. Адвокат оларға мемлекеттік қолдау көрсету қажет деп санайды. Сондай-ақ заңгер бұған дейін балалардың анасының мінез-құлқына қатысты қамқоршылық органдарында мәселе көтерілгенін айтты.
Қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Қаза тапқан азаматтың отбасының мүддесін адвокаттар Асылбек Әбідрайымов пен Жандос Палманов қорғап жатыр.
Еске сала кетейік, Талғарда ер адамды қатыгездікпен өлтіру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оған 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде бір топ адам жасаған кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.




