2026 жылы салық түсімі 30%-ға өседі – Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, оған ҚР Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, ҚР ҚМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев, сондай-ақ ведомствоның басшылық құрамы қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы цифрландыру, бизнесті қолдау және бюджет қаражатын тиімді басқару жөніндегі берген тапсырмалары мен міндеттерін іске асыру мәселелері қаралды.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқандай, Үкіметтің экономикалық блогының алдына қойылған стратегиялық міндеттерді іске асыру үшін ведомствоның үйлесімді жұмыс істегені маңызды.

Былтыр Қазақстанның ІЖӨ 300 млрд доллардан асты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 15 мың долларға жетті. Біз бюджет-салық реформасын жүргіздік. Оның мақсаты – мемлекеттік қаржыны шоғырландыру. Ал қазір бюджет шығыстарын одан әрі оңтайландырудағы негізгі рөл Қаржы министрлігіне жүктеліп отыр. Мемлекетіміздің дамуындағы әлеуметтік бағыт-бағдар сақталады. Бірақ барлық бюджеттік бағдарламаға қатаң ревизия жасаймыз. Бюджет шығыстарына тұрақты негізде тексеріс жүргіземіз. Бюджет жобаларын іріктеу тетігін жетілдіру қажет. Әлбетте, едәуір міндет Қаржы министрлігіне жүктеледі, – деді Серік Мақашұлы.

Қаржы министрі Мәди Такиев талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдум жайлы тоқталды.

«Ата заңның жаңа мәтінінде Әділетті Қазақстанның негізгі бағдарлары бекітілген – заң алдында барлығының тең болуы, теңгерімді адал экономика, мүмкіндіктерді әділ бөлу және азаматтарды еститін әрі олардың мүддесіне жұмыс істейтін мемлекет», деді Мәди Төкешұлы. Мән-маңызы бөлек құжатта адам және адами капиталды дамыту Қазақстанның стратегиялық дамуының темірқазығы ретінде айқындалған.

Бұған қоса ведомство басшысы министрлік қызметкерлерінің барлық күш-жігері отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Құзырлы органның жұмысында министрліктің жанынан құрылған Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңестің алар орны бөлек.

Оның жұмысы жайлы кеңес төрағасы Жақсыбек Күлекеев айтып берді. Ол кеңестің тарапынан айтылған барлық ұсыныс пен берілген кеңестерді ҚМ толық көлемде пысықтағанын атап өтті.

Мұндай ынтымақтастықтың тиімділігі нақты қаржы нәтижелермен расталды. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) 24,6 трлн теңгеге артты. Кіріс жоспары 100,1% орындалды.

2026 жылға арналған республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері жөніндегі жоспар 18,9 трлн теңге мөлшерінде бекітіліп, бұл 2025 жылғы межеден 4,4 трлн теңгеге немесе 30,6% жоғары. Бюджеттің атқарылуы экономиканың өсімі, жаңа Салық кодексі, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту және фискалды процестерді цифрландыру есебінен қамтамасыз етілетіні атап өтілді.

2025 жылы бюджеттің кіріс-шығыс бөлігін Қазақстан картасындағы геонүктелерге байланыстырып, визуализациялауға бағытталған «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» жобасы әзірленді. Жоба фискалды чектерден бастап тауар аналитикасы мен тәуекелдерді қоса алғанда, өңірлік бюджеттердің кіріс-шығыс бөлігіне дейінгі деректерді көрсетуді қамтамасыз етеді. Биыл ЖИ-аналитикасын пайдалана отырып, ұлттық экономиканы талдаудың толыққанды платформасына көшу жоспарланған.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге жайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Қаржы министрлігі «таза парақтан» тетігін – микро және шағын бизнеске арналған бір реттік акцияны іске қосты. Кейбір тексерулерге уақытша мораторий енгізілді. Осы шаралардың барлығы бизнеске жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы тежеуге баса мән берілген. Тиісті жұмыс талдау құралдарын дамытуды және бірыңғай цифрлы сөрені (витринаны) қалыптастыруды көздейтін кешенді жоспар шеңберінде жүргізілетін болады.

Алқалы  отырыста мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік аудит саласындағы өзекті мәселелер, цифрлы жобаларды іске асыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар пысықталды. Сол секілді жиында мемлекеттік мүлікті басқару тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ цифрлы теңгені пайдалануды кеңейту мәселелері де қамтылды.

Қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтердің ақысын төлеу үшін қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаржы министрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу еліміздегі басымдыққа ие міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Отырыс соңында алқа қатысушылары 2026 жыл Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең екенін жеткізді. Мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясын нығайту, жасанды интеллектіні енгізу, бизнеске жаңа тетіктермен қолдау көрсету, сондай-ақ бюджет қаражатын ашық басқару министрліктің қызметіндегі басты бағыттар болып қала бермек.