Шетелден әкелінген көлік кейін тәркіленуі мүмкін: Автоодақ ескерту жасады

Шетелден автокөлік сатып алып, оны Қазақстанда өз атына тіркеген азаматтар басқа елге шыққанда көліктерінен айырылып қалатын жағдайлар көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева мәлімдеді.

Айтуынша, мұндай көліктердің бір бөлігі бастапқы елінде лизингте болуы немесе қандай да бір шектеуге қойылған болуы мүмкін.

Мәселен, кейбір автокөліктер Қытайда лизинг рәсімімен алынған немесе басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдарының бақылауында тұрады. Қазақстанда заңды түрде тіркелгеніне қарамастан, шетелге шыққанда мұндай көліктер тәркіленуі ықтимал. Осындай жағдайлар жиі кездеседі. Жақында Батыс Қазақстан облысының бір тұрғыны Дубайдан автокөлік сатып алған. Оның қолында сатып алу келісімшарты да, инвойсы да болған. Көлікті елге жеткізіп, Қазақстанда тіркеуге қойған. Құжаттарының бәрі дұрыс болғандай көрінді, – деді Автокөлік одағының президенті автомобиль форумында сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар ол азамат көлікті Қазақстан аумағында еш қиындықсыз пайдаланғанын алға тартты. Алайда шетелге шыққанда күтпеген жағдайға тап болған.

Ол отбасымен бірге Грузияға демалысқа барған. Бірақ шекарадан өткен кезде оның көлігін тәркілеп алды. Себебі көліктің VIN-коды халықаралық дерекқорда шектеуде тұрған болып шықты. Бұл Интерполдың базасы болғандықтан, ол ештеңені дәлелдей алмады. Соның салдарынан көлігінен айырылып, өзі отбасымен бірге бөтен елде ақшасыз қалды. Қазір біз осы жағдайды қарап жатырмыз, – деді одақ басшысы.

Пайымдауынша, мұндай мәселеге тек шетелден тікелей көлік сатып алғандар ғана емес, Қазақстан ішінде сондай көлікті кейін сатып алған азаматтар да тап болып жатады.

Кейбір азаматтар көлікті Қазақстанның өз ішінде сатып алады. Ол көлікті біреу шетелден әкелген болуы мүмкін. Жаңа иесі оны бірнеше жыл пайдаланады. Бірақ кейін қайта сатқысы келген кезде көліктің қандай да бір шектеуде тұрғаны белгілі болады, – деді Анар Мақашева.

Мұндай жағдайда көлікті ресми түрде сату мүмкін болмайды.

Басқа елдерде лизингте немесе несиеде тұрған көліктер біздің нарыққа келіп жатыр. Мысалы, қазір Қытайда лизингте тұрған автокөліктер де кездеседі. Олар Қазақстанға уақытша әкелу тәртібімен немесе басқа жолмен жеткізіліп, кейін біздің азаматтарға сатылған. Ал сатып алған адам бұл көліктің басқа мемлекетте лизингте тұрғанынан бейхабар болуы мүмкін, – деді Анар Мақашева.