Олимпиада-2026 жабылу рәсімі: Тікелей эфирді қайдан тамашалауға болады?

Бүгін, яғни 22 ақпаннан 23 ақпанға қараған түні Веронада (Италия) XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Тікелей көрсетілім Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады. Оны “Qazaqstan”, “Qazsport” және “Хабар” телеарналарынан көруге болады.
Шара ежелгі “Арена ди Верона” аренасында өтеді.
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен Олимпиада «Әсемдік әрекетте» («Beauty in Action») атты шоумен қорытындыланады. Жабылу рәсіміне дәстүр бойынша қатысушы барлық елдердің делегациялары, соның ішінде Қазақстан құрамасы да қатысады: спортшылар аренада шеру жасап өтеді. Бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасының сапында 36 спортшы өнер көрсетті. Олар спорттың он түрі бойынша жарысқа қатысты.
Жабылу салтанаты Олимпиада туын 2030 жылғы қысқы Олимпиаданың астанасы – Француз Альпілеріне тапсыру рәсімімен аяқталады.




