Шымкентте жаңбырдан кейін жаңа төселген жол шөгіп кеткен

Шымкент қаласы Абай ауданындағы Ақтоғай көшесінде жуырда ғана төселген асфальт жабыны жауын-шашыннан кейін шөгіп, жолдың бір бөлігі ойылып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Otyrar мәліметінше, тұрғындардың айтуынша, жаңбырдан кейін жол жабындысы бірден отырып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілер үшін қиындық тудырған. Асфальттың опырылуы салдарынан жер астындағы су құбыры зақымданып, жақын маңдағы екі жеке тұрғын үй бірнеше күн бойы сусыз қалған.
Тұрғындардың сөзінше, шөккен учаске бес күн бойы ашық жатқан. Бұл жағдай әсіресе балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызған, себебі ашық шұңқырға құлап кету қаупі болған.
Қазіргі уақытта опырылған бөліктің асфальты алынып, аумақ уақытша топырақпен жабылған.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, аталған көше 2025 жылдың шілде–тамыз айларында “Atash Trans Logistics” ЖШС тарапынан салынған. Жол құрылысы барысында, оның ішінде асфальт төсеу және негізін нығыздау кезеңдерінде “Ұлттық сапа орталығы” тарапынан сараптама жүргізілген.
Мамандардың тексеруі нәтижесінде асфальтбетон жабынының астында бұған дейін кәріз құбырларын төсеу жұмыстары жүргізілгені анықталған. Дәл осы учаскеде топырақтың отыруы салдарынан жол жабыны шөккен.
Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, анықталған ақаулар мердігер компанияның есебінен қалпына келтіріледі. Себебі жол құрылысына бес жылдан астам кепілдік берілген. Қазіргі уақытта мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын бастауға дайындық жүргізуде.




