Алматыда полиция қызметкері мен өзге де тұлғаларды бопсалаған блогерлерге үкім шықты

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бопсалаумен айналысқан блогерлерге үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта алқабилердің қатысуымен жәбірленушіні “жеке мәліметтеріңді таратамын” деп қорқытты деп айыпталған төрт адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Белгілі болғандай, 2025 жылғы 20–22 қаңтар аралығында сотталушылар Д., К., Р. және А. алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіге қатысты компроматтық мәліметтерді таратамыз деп қорқытып, одан атқарушылық парақтар бойынша 20 млн және 23 млн теңге мөлшеріндегі берешекті өндіріп алудан бас тартуды, сондай-ақ 18 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша беруді талап еткен.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушы Д.-ға полиция қызметкерінен 40 мың теңге бопсалады деген де айып тақты.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол полиция қызметкерінен әлеуметтік желілерде беделіңе нұқсан келтіретін материалдар жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен.
Алқабилердің үкімімен сотталушылар Д., К., Р. және А. ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Полиция қызметкеріне қатысты қорқытып алу эпизоды бойынша сотталушы Д. ақталды, – деп жазылған сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




