Қазақстандық күріш алғаш рет Бельгияға жеткізілді

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы Еуропаға жаңа экспорттық жеткізуді іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – KTZ Express қазақстандық ұсақталған күрішті Антверпен порты (Бельгия Корольдігі) бағытына пилоттық режимде жөнелтті. Тасымалдау Каспий және Қара теңіз акваториясын, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен теңіз желілерін пайдалана отырып, мультимодальды форматта ұйымдастырылды.
Логистикалық бағыт «Қызылорда – Ақтау порты – Поти порты – Антверпен порты» маршруты бойынша құрылды. Поти порты мен Антверпен арасындағы теңіз учаскесінде жүк тасымалы CMA CGM Group халықаралық көлік тобының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Бұған дейін аталған бағыт бойынша жүктер негізінен құрлық дәлізімен, Семиглавый Мар шекаралық өткелі арқылы, одан әрі Брест, Дуйсбург және Антверпен бағытында жеткізілетін. ТХКБ инфрақұрылымын пайдалану логистикалық процестерді оңтайландырып, тасымал құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Жаңа маршрут бойынша жеткізу құны салыстырмалы мерзімде Солтүстік дәліз арқылы тасымалдаумен салыстырғанда тиімді екені атап өтілді.
Алдын ала есеп бойынша, транзит уақыты шамамен 30 тәулік болды.
Сарапшылардың пікірінше, ТХКБ бағытын дамыту Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтіп, Еуропа нарығына шығу мүмкіндігін арттыра түседі.




