Теміртауда жылу трассасы жарылып, көпқабатты үйдің ауласын су басты

Кеше, 13 ақпанда Теміртау қаласында кезекті коммуналдық апат тіркелді, деп хабарлайды BAQ.kz.
7-шағынауданда диаметрі Ду-200 жылу трассасы жарылып, тұрғын үйлердің бірінің ауласы су астында қалды. Куәгерлер түсірген бейнежазбаларда судың аумаққа жайылып, ғимаратқа жақындағаны көрінеді.
Тұрғындардың айтуынша, су кіреберістерге дейін жетіп, аула аумағын толық қамтыған. Сондай-ақ ағын судың бұлыңғыр болғаны айтылды.
Оқиғаға байланысты «Оқжетпес-Т» ЖШС түсініктеме берді. Компания мәліметінше, апат салдарынан тоғыз көпқабатты үй уақытша жылу мен ыстық сусыз қалған.
Оқиға орнында апаттық бригада жұмыс істеді. Жөндеу жұмыстарын сол күні сағат 17:00-ге дейін аяқтап, жылу беруді қалпына келтіру жоспарланған.




