Қазақ қыздарын қорлаған стримерлер: Әлеуметтік желіні шулатқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

Тікелей эфирде қазақстандық қыздарды балағаттаған шетелдік стримерлер 15 тәулікке қамалды. ІІМ ҚК-нің 174-бабы бойынша тергеу бастады. Кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімшілік қамау және қылмыстық іс
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің мәліметінше, стримерлер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылған.
Олар ұсақ бұзақылық бойынша 15 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 174-бабы (ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша тергеуді бастады, – деді ол.
Кімдер туралы сөз болып отыр?
Әңгіме стримерлер Анар Абдуллаев пен Ренат Пашаев жайында. Онлайн-трансляция кезінде олардың айтқан дөрекі, бейәдеп сөздері кейін әлеуметтік желілерге тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қоғамдық сыннан кейін блогерлер көпшілік алдында кешірім сұрағанымен, бұл жағдайға құқық қорғау органдары араласты.
Тергеу жалғасуда
Сот шешімімен екеуіне де ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Егер кінәсі дәлелденсе, стримерлерге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Бұған дейін қазақ қыздарын қорлаған шетелдік блогерлерге қылмыстық іс қозғалғаны туралы жаздық.




