Жалақы, баспана, зейнетақы: Еңбек адамына қандай жағдай жасалған?

Соңғы жылдары Қазақстанда «еңбек адамының» мәртебесін көтеру, әлеуметтік қолдауды күшейту мәселесі жиі айтыла бастады. Мемлекет әлеуметтік әділеттілік пен халықтың тұрмыс сапасын арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде жариялап отыр. Бірақ қарапайым жұмыс істеп жүрген адам бүгінде нақты не алып жүр? Жалақыдан бөлек қандай кепілдіктер бар? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Ресми деректерге сүйенсек, елде 9,7 миллионнан астам адам еңбек етеді, оның 7 миллионнан көбі — жалдамалы қызметкер. Жұмыссыздық деңгейі тұрақты көрінгенімен, басты мәселе — жұмыстың өмір сүруге жеткілікті табыс әкелуі.

2025 жылдың III тоқсанында Қазақстан бойынша орташа айлық жалақы 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,0%-ға өсіп, 429 368 теңгені құрады. Ал жалақының медианалық мәні 2025 жылдың III тоқсанында302 584 теңге болды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге болып белгіленді.

Кім қанша жалақы алады?

  • Ауыл, орман және балық шаруашылығы — 335 982 теңге
  • Өнеркәсіп — 622 371 теңге
  • Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 922 274 теңге
  • Өңдеу өнеркәсібі — 535 172 теңге
  • Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау — 450 298 теңге
  • Сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою — 326 807 теңге
  • Құрылыс — 522 618 теңге
  • Көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу — 417 695 теңге
  • Көлік және қоймалау — 625 844 теңге
  • Тұру және тамақтану қызметтері — 353 630 теңге
  • Ақпарат және байланыс — 818 114 теңге
  • Қаржы және сақтандыру қызметі — 883 611 теңге
  • Жылжымайтын мүлікпен операциялар — 347 746 теңге
  • Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 637 570 теңге
  • Әкімшілік және қосалқы қызметтер — 359 722 теңге
  • Мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті әлеуметтік қамсыздандыру — 354 182 теңге
  • Білім беру — 290 891 теңге
  • Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету — 328 504 теңге
  • Өнер, ойын-сауық және демалыс — 305 088 теңге
  • Өзге де қызмет түрлері — 361 936 теңге

Қызметкер құқығы қалай қорғалған?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген ресми ақпаратына сәйкес, ҚР Еңбек кодексінде еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттар ғана белгіленген. Оларға мыналар жатады:
– айлық жалақының ең төменгі мөлшері;
– бір күндік жұмыс уақытының (жұмыс ауысымының) ұзақтығы;
– жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ең аз мерзімі.

Жалақыға қатысты ең төменгі стандарттарға айлық және сағаттық еңбекақының ең аз мөлшері, үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі, сондай-ақ түнгі уақыттағы жұмысқа төленетін ақы кіреді.

Қызметкердің нақты жалақысы жұмыс беруші мен қызметкер арасында жасалатын еңбек шартында белгіленеді. Ол атқарылатын жұмыстың біліктілігіне, күрделілігіне, көлемі мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына байланысты болады, — делінген ведомство жауабында.

Қазіргі уақытта еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттарды өзгерту немесе толықтыру бойынша арнайы жоспар қарастырылмаған. Бұл стандарттар еліміздегі барлық сала қызметкерлеріне бірдей қолданылады.

Сонымен қатар, кейбір қызметкерлер санаттарының еңбек қатынастарын реттеудің ерекшеліктері Еңбек кодексінде және басқа да заңдарда жеке айқындалған.

Бюджет саласында жұмыс істейтін қызметкерлерге ұзақтығы кемінде 30 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы беріледі. Сондай-ақ демалысқа шыққанда лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.

Ал жекеменшік ұйымдарда әлеуметтік стандарттар еңбек шарттарында, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді. Алайда бұл талаптар заңда көзделген ең төменгі кепілдіктерден төмен болмауы тиіс.

Баспана мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Тұрғын үй мәселесі бүгін де көптеген отбасы үшін ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген ипотека мен жалға берілетін тұрғын үйлер ұсынылуда.

2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бұл — өндіріс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары сияқты салаларда еңбек ететін жұмысшы мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламасы.

Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме:

  • әлеуметтік осал топтар үшін — 7%;
  • басқа қатысушылар үшін — 9%.

Бағдарлама бойынша несие 19 жылға дейін беріледі.

Бұдан бөлек, елімізде басқа да әлеуметтік бағдарламалар бар. Мысалы, елордада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер ұсынылып келеді. Бұл 35 жасқа дейінгі азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.

Зейнетке ертерек шығуға болады

Қазақстанда зейнетке шығудың негізгі жасы — ерлер үшін 63, әйелдер үшін 60 жас. Алайда кейбір азаматтар 55 жастан бастап зейнетке ертерек шығу мүмкіндігіне ие. Бұл, негізінен, ауыр немесе зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегендерге, сондай-ақ арнайы санаттағы қызметкерлерге қатысты.

Сонымен қатар, зейнетақы жинағы жеткілікті болған жағдайда да ертерек төлем алу мүмкіндігі бар. Нақты шешім еңбек өтіліне, жұмыс жағдайына және жинақ көлеміне байланысты қабылданады. Ол үшін ХҚКО немесе egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда еңбек адамына қатысты жалақы, әлеуметтік кепілдіктер, тұрғын үй және зейнетақы жүйесі заңнамалық және мемлекеттік бағдарламалар арқылы реттеледі. Бұл шаралар еңбек етуші азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған және қолданыстағы нормалар аясында жүзеге асырылып келеді.